logo
23 апреля 2025
Александр Тебеньков: «Қыздар құрамасы тамаша тәжірибе алды»

Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы ІВ дивизиондағы хоккейден әлем чемпионатындағы өнерін төртінші орынмен аяқтады. Қыздарымыздың биыл төменірек дивизионнан көтерілгенін ескере отырып, команда өз орнын сақтап қала білді. Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Александр Тебеньков ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында турнирді қорытындылады:

- Александр, биыл ІВ тобына оралып, төртінші орын иелендіңіздер, нәтижеге қандай баға бересіз?

- Нәтиже оң, бірінші мақсат пен міндет топта қалу болатын. Ал екіншісі – жоғарырақ көтерілу. Маусым күрделі, тартысты болды, команда жақсы ойын көрсетіп, ІВ дивизионда қалу деген міндетті орындады.

- Медальға бір балл жетпеді, Ұлыбританияға қарсы матч па шешкен?

- Шын мәнісінде, әрбір матч шешуші, тартыстық, турнир кестесі бойынша көтерілу үшін ұпай жинауға тырыстық, шаршау бар, маусымның күрделілігі бар – қолдан келген ойынды көрсеттік. Алайда әрбір ойын сайын команда барын салды.

- Кореяны маусымда бірнеше рет жеңдіңіздер, рейтинг бойынша жоғарырақ тұрған құраманы жеңудің басты факторы қандай?

- Кореямен біз төртінші рет кездесіп, төрт рет жеңіске жеттік. Олардың да қақпашылар шебі ауысты, осал тұстары болды. Оны біз өз пайдамызға жаратып, қақпаға қарсы көбірек соққы жасауға тырыстық, нәтижесінде төрт рет жеңіске жеттік.

- Латвия, Ұлыбритания және Италия құрамалары бізден қаншалықты озып тұр? Тәжірибесі молдау ма?

- Оларды бізден соншалықты ілгері деп айтас едім, себебі біз әрбір ойында беріспей, тартыстық. Кей тұста сәттілік жетіспеді. Ал былай, командалардың барлығы дерлік бір деңгейде. Осы әлем чемпионатын жеңген Италия құрамасы жақсы команда, тепе-теңдік ұстайды. Олар ІА дивизионына көтерілді. Ойын тәжірибесінің арқасында шығар, олар Еуропада және құрамалар арасында көп ойнайды. Алда әлі жұмыс көп, қуып жетіп, бұл қарсыластардың әрбірімен матчта жеңіске жетуге болады.

- Команда біршама жас, жастары мен тәжірибенің жеткіліксіздігі әсер етті ме?

- Команданы тым жас деуге келмейді, жастар да, жасы келгендер де бар. Жас ойыншылар да ұдайы тырысып, ойынды бүлдірмеуге тырысты. Сондықтар барлығы бір-біріне демеу болды деп санаймын.

- Біздің қыздар құрамасының өсуі үшін не қажет және жоғарырақ дивизионнан қашан үміттене аламыз?

- Командаға түсу үшін жақсы бәсеке болуы тиіс. Қазіргі таңда соншалықты көп ойыншы жоқ, яғни, құрамаға таңдау үлкен емес. Бар ойыншылармен ойнаймыз. Жоғарырақ көтерілу үшін қыздар хоккейін дамыту қажет, ойыншылардың таңдауы, жақсы бәсеке болуы үшін балалар мектептерінен бастау керек. Сонда ғана өсім болады. Сондай-ақ, әрине, жақсы ойын тәжірибесі, мықты ішкі чемпионат қажет.

Жыл сайын командалар қосылып келеді, Испания біздің дивизионға көтерілді, Нидерланд төменге түсті, қиындай түседі. Келесі маусымда босаңқы ойындар болмайды, тырысамыз, әрбірі мұны біледі және жауапкершілікті түсінеді.

- Құраманың маусымын қорытындыласақ – Азия чемпионатындағы қола мен Азия ойындарындағы күміс, ІВ-да орынды сақтау жақсы нәтиже ме?

- Әрине, тұтас маусым бойынша нәтижеге көңілім толады, ойындар көп болды, құрама тамаша тәжірибе алды, жоғары дивизион командаларымен ойнау мүмкіндігіне ие болды, қайда және қандай бағытта қимылдау керектігін көрді. Барынша медаль алуға тырыстық, өкінішке орай, әлем чемпионатында бұл қолдан келмеді. Иә, маусым жақсы болды, Азия ойындарының «күмісі» – бұл басты жетістік. Олимпиадалық іріктеуден өтпедік, алайда тырысып-бағамыз. Барлық қыздарға маусым үшін, жасалған жұмыс үшін рақмет айтамын. Әрі қарай қозғаламыз.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ