logo
9 ноября 2025
Александр Тебеньков: «Команда турнир соңына қарай қарқын алады»
Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Александр Тебеньков әйелдер арасындағы Азия чемпионатының қорытындысын шығарды. Турнир қорытындысы бойынша біздің қыздар үшінші орынды иеленді.
- Александр Сергеевич, турнир қорытындысы бойынша қандай пікір білдіресіз?
- Алдымен айта кететін жайт, біз мұнда турнир басталардан небәрі 4 күн бұрын жиналдық. 8 ай бойы бір-бірін көрмеген командадан бір нәрсе жасап шығару – өте қысқа мерзім. Алғашқы ойындар, әрине, сәтсіз өтті, себебі өз ойынымызды тапқанша, құрамды анықтағанша, кіммен кімді қоятынды шешкенше біраз уақыт кетті. Бірақ турнир соңына таман команда ойыны үйлесті. Былтыр да дәл осылай болған еді: дәл осылай келдік, есептер де биылғыға өте ұқсас болды. Тек биыл Кореяны негізгі уақытта жеңдік, ал мұнда буллитпен ұттық. Команда әрқашан турнир соңына қарай қарқын алып, жақсы ойнай бастайды.
- Кореямен ойынның соңғы минуттары біраз мазаны қашырған шығар?
- Айтайын дегенім, бүкіл ойын өте тартысты өтті. Жақсы, жылдам гол соқтық, бірақ сол сәтте бірден жауап голын да жіберіп қойдық — шағын қателік болып, төмен түсіп кеткен едік, шайба рикошетпен қақпаға кірді, өте өкінішті гол болды. Екінші кезеңде бастаманы жоғалтып алдық, көбіне өз аймағымызда ойнауға тура келді, қарсылас айтарлықтай басымдықпен көбірек лақтырды. Үшінші кезеңде барымызды салып, шайбаның жолына жатып, бастаманы өз қолымызға алу керек болды — қыздар бұл тапсырманы орындады. Сондықтан бүгін қолдау көрсеткен, көмектескен және бізбен бірге болған командаға да, жанкүйерлерге де алғыс айтамын.
- Турнир өз тарихында екінші рет өтіп отыр, біздің қыздар құрамасы үшін күнтізбеде мұндай турнирдің пайда болуы қаншалықты маңызды?
- Бұл өте жақсы турнир, спаррингке керемет қарсыластар жиналған. Мысалы, элиталық дивизионда ойнайтын Жапониямен біз бұлай кездесе де алмас едік — олармен ойнау үшін үлкен еңбек етіп, элитаға шығу қажет. Қытай – бірінші дивизионда ойнайды. Ал Корея болса, біздің жиі кездесетін қарсыласымыз, өткен жылы ғана бесінші рет жолықтық, қателеспесем. Бес ойынның бесеуінде де жеңіске жеттік. Бұл — жақсы ойын тәжірибесін алуға, басқа командалардың қалай дамып жатқанын көруге және тек алға жылжуға мүмкіндік беретін маңызды турнир.
- Екі ойыншы – Муравьева мен Нүсіпова дебют жасады, жас қыздардың дебютіне қандай баға бересіз?
- Қыздар өздерін өте жақсы көрсетті, басында сәл қысылу болды, кейін өз ойындарын тапты. Оларға ойын уақытын бердік, және олар өздерін жақсы жағынан танытты. Тырысты, шабуылдаудан қорықпады. Үлкен хоккейдегі алғашқы қадамдарымен құттықтағым келеді, алда тек жағымды сәттер, көп гол мен жеңістер болсын деп тілеймін. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ