logo
17 ноября 2022
Александр Истомин: «Жақсырақ лигалар бар, демек үздік лигаларда ойнау керек»

Санкт-Петерборда «Кубок Будущего» халықаралық турнирі аяқталып, оған Қазақстан, Ресей, Белоруссияның жастар құрамалары, сонымен қатар Ресейдің жасөспірімдер командасы қатысты. Біздің жігіттер барлық кездесулерде жеңіліске ұшырады. Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, бас бапкер Александр Истомин өткен біріншілікті қорытындылады.

- Александр Анатольевич, Ресей жасөспірімдер құрамасына қарсы ойын мен жалпы турнирді қорытындыласаңыз.

- Шақырғандарына көп рақмет, өте пайдалы турнир болды. Мықты қарсыластармен ойнап, өз командаңның, құрамаңның мүмкіндіктерін нақ бағалай алатын осындай турнирлерге әрі қарай да қатысқымыз келеді. Қатысуға мүмкіндік берілгені үшін үлкен алғыс айтамыз.

Ресеймен ойын туралы айтатын болсақ... Высоцкийдің «Приду домой, открою дверь, оставлю туфли у дверей, залезу в ванну кран открою и просто смою этот день» деген өлең жолдары бар емес пе. Мұндай күндер де болады, жеңілісті қабылдап, бір ұйықтап тұру қажет. Соншалықты жеңіліс деп санамаймын, біз мұнда өз мүмкіндігімізді сынауға келдік. Қорытынды жасаймыз, әрі қарай жылжимыз, қателерімізді түзетеміз. Ең бастысы, реалист болып, ақты ақ, қараны қара деп қабылдау керек. Қазіргі сәттегі нәтиже команданың деңгейін көрсетсе керек. Жігіттер туралы жаман ештеңе айтқым келмейді, керісінше, еңселері түспесін деп, алғыс айтқым келеді. Және мұны қабылдап, әрі қарай жылжу керек. Ең бастысы – қатемен жұмыс жасау.

- Осы турнирге дайындыққа қандай баға бересіз? Ең жоғары деңгейде қалай дайындалуды қалар едіңіз?

- Турнирлер жылына бір рет емес, тұрақты түрде өтуін қалар едім. Мұндай мықты қарсыластармен бақылау ойындарында өзіңнің нақ мүмкіндіктеріңді байқау үшін. Себебі бұл чемпионат деңгейінің көрсеткіші. Егер Ресейдің жастар хоккей лигасы мен Қазақстанның жастар лигасын салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Себебі ЖХЛ-дың жігіттері – бұл лига деңгейі, ал біз өз ішімізден аса алмай жатырмыз... Сөйте тұра, жақсырақ лигалар барын жақсы түсінеміз. Демек бұл лигаларда, менің пікірімше, жақсырақ лигаларда ойнау керек. Қарсыластың деңгейіне сай болу керек. Жалпы көрініс осы. Жақсыларын үйренетіндей лига мен командалармен ойнап, алға жылжу керек.

Иә, біз келіп, «сүрініп», бізге «рақмет, көрдік, қоя қойыңдар» демейтіндей бір реттік шара болмаса екен. Егер бізді келесі жылы шақырса, тиісінше дайындалатын боламыз.

- 10:1 есеппен ойсырай жеңілу болды. Жігіттерге алаңнан тыс не деп айттыңыз?

- Не айтасың, кінәліні іздеудің мәнісі жоқ, барлығы бәрін жақсы түсінеді. Өкінетін ештеңе жоқ. Бастысы, барлығы аман-есен. Нәтижені қабылдау керек, ертең жаңа таң атады.

- Турнир пайдалы болды дедіңіз. Келесі жолы жігіттерді жинағанда немен жұмыс жасайсыз?

- Мұндағы хоккей жылдамырақ, жігіттердің техникасы мықты, біз әзірге арттамыз. Бұл тек құрама үшін емес, клуб ойыншылары үшін де пайдалы турнир. Олар келіп, бұған дайын болатындай. Мұнда жылдамдық осындай екенін, көз ілестірмей ойнайтындарын көретіндей. Ойыннан кейін жігіттерге келіп, ойларыңмен бөлісіңдер дедім. Теріс нәтиже – бұл да нәтиже, біз үшін бұл пайдалы.

ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры


 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ