logo
17 мая 2024
Әділ Бекетаев: «Шведтердің тәжірибесі мен шеберлігі нәтиже берді»

Швеция құрамасының қақпасына дарыған жалғыз шайбаның авторы – Әділ Бекетаев. Қазақстан құрамасы турнирдегі өзінің төртінші матчын өткізді және үшінші рет жеңіліске ұшырады (1:3). Голдың авторы матчтан кейін Sports.kz-ке берген сұхбатында өзінің әсерімен бөлісті:

- Әділ, өткен жылы Канадаға, биыл әлемдік хоккей көшбасшысы Швецияға гол салдың. Сыры неде?

- Сәттілік серік болды! Білмеймін, өткен жылы канадалықтарға тастағаным қақпаға өтті. Бүгін де сондай болды, дәл сондай орыннан тастап, шайбам дөп түсті.

- Гол туралы айтып берші.

- Шведтердің шабуыл аймағында шайбаны іліп алдық, екі рет жақсы пас бердік, шайбаны үйіріп, соққыға ыңғайлана кетті. Соққы жасау керек болды және онда өз ойыншылары, швед қақпашыны жауып қалды да, шайба қақпаға өтті.

- Швециялық команда жұлдызды құрамға толы, қалай дайындалдыңыздар, бапкер не деді?

- Ойыншылардың аты-жөніне қарамау керектігін, бұл ойын және барлығы болуы мүмкін екенін айтты. Мәселен, бүгін олар біздің қақпаға 41 рет соққы бағыттады, ал біз 11 соққы бағыттап-ақ, 3-4 гол салатындай сәттеріміз болды. Алайда шведтердің тәжірибесі мен шеберлігі нәтиже берді.

- Өзіңе қандай сабақ алдың?

- Бұл жерде алатын сабақ көп, олардың алаңды қалай игеретіні, сырғанауы, пас беру мәдениеті басқа деңгейде, тіпті кез келген қатты пасты да олар жақсылап, жұмсақ қабылдай біледі. Әркім өз орнында сауатты ойнайды. Олар бәрібір басқа деңгейде, ұсақ-түйектің барлығын жақсы біледі. Біздің үйренеріміз көп, мұндай ойындардан алатынымыз көп.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ