logo
15 января 2025
Семен Симонов: «Канадалықтар қашан да батыл, жылдам хоккей көрсетеді»

Хоккейден Қазақстан студенттер құрамасының құрамында Қазақстан жастар құрамасының бірден 8 хоккейшісі өнер көрсетеді. Канададан оралғаннан кейін үш күн өтісімен ойыншылар Туринге аттанды. Олардың біреуі – Корея құрамасына қарсы матчта шайба салған Семен Симонов. Кореямен матчта біздің хоккейшілер 7:1 есебімен ірі жеңіске жеткен болатын. Ойыншы Sports.kz-ке берген сұхбатында Кореяға қарсы матчқа қатысты пікір білдіріп, Канадамен матчтан не күтетінімен бөлісті.

Шабуылшы Семен Симонов Sports.kz-ке сұхбатында өткен матч туралы әңгімеледі.

- Семен, жеңіс құтты болсын! Қарсылас туралы айтып берсең, есепке қарамастан олар аз соққы жасаған жоқ.

- Корея – айтарлықтай жақсы команда, олар шведтерге қарағанда мықтырақ болды, әрдайым қақпаның алдын бермей, соққы жасап, қарсы шабуылға жиі шықты. Айтарлықтай төселген дер едім.

-  Бірінші кезеңнен кейін-ақ 3:0 есебімен алға шықтыңдар, қалған уақытта қалай ойнау маңызды болды?

- Тек тоқтамай, өз хоккейімізді ойнай беру, өз сәттерімізді іске асыру маңызды болды. Екінші кезеңде сәл-пәл үстемдікті жоғалтып алған сияқтымыз. Алайда үшінші кезеңде ойын жоспарына оралып, голдарымызды салдық.

- Сендер Канададан орала салысымен «Барыстағы» жаттығуларға кірістіңдер, одан кейін араға үш күн салып, Туринге кеттіңдер. Қиын болды ма, қалай төтеп бердіңдер?

- Иә, айтарлықтай ауыр кезең, акклиматизацияға уақыт болмады, бірден жаттығулар басталды. Канададан кейін Қазақстанның емес, Италияның сағат белдеуіне үйренісуге тура келді. Біртіндеп, жаттығулар арқылы үйренісе бастадық.

- Универсиаданың ашылуы қалай, ұнады ма? Жалпы, Италия қалай?

- Ашылу тамаша болды, жақсы ұйымдастырылған, атмосфера жағымды. Көптеген елдер ағылды, спортшылар – әртүрлі спорт түрлерінің өкілдері көп. Ұнап жатыр.

- Алда Канадаға қарсы матч өтеді, не күтесіздер, қарсыласқа қарсы қалай ойнау маңызды? Студент болса да.

- Канадалықтармен матчқа дайындалып жатырмыз, бапкерлеріміз турнирге дейін бұл матчқа дайын болу үшін алдыңғы екі матчта жұмыстану керектігін айтқан болатын. Жақсы, жылдам ойынға дайындалып жатырмыз. Канада – мықты қарсылас, тегеурінді ойнайды. Студент пе, жоқ па – маңызды емес деп ойлаймын. Канадалықтардың аты канадалық, олар қашан да батыл, жылдам хоккей көрсетеді. Біз өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз.

 

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ